Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Ұлттық музей басшылығына 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Антикор баспасөз қызметі хабарлады.
“Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде”- делінген хабарламада.
Шарттың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайды. Тергеу сотының санкциясымен қазіргі уақытта тінту, сондай-ақ куәлардан жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде. Іс бойынша түпкілікті шешім қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын орындау нәтижелері бойынша қабылданатын болады.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.