Министр: 57 мыңға жуық адамның несиесі кешірілуі мүмкін

0
88
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жыл соңына дейін Қазақстанда “жеңілдік алуға құқығы бар” қосымша 57 мыңға жуық адамның несиесі кешірілуі мүмкін екенін айтты.

Оның айтуынша, алдыңғы акция аясында кейбір азаматтардың құжаттары “ресми дерек қорында болмағандықтан” құжаттарын толық әзірлеп үлгермей, жеңілдікке ілінбеген.

“Екі ай бойы осы жұмысты жасадық. Осылайша 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы жеңілдік алуға құқығы бар адам ретінде белгіледік. Үкіметке ұсыныс жасап, тиісті қаражат бөлу (9,4 миллиард теңге – Б.Н.) үшін әрекет жасадық. Жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, осы 57 мың адамның несиесі өтелетін болады” деді Біржан Нұрымбетов.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы жарлығымен 500 мыңнан астам адамның 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілді. Оған бюджеттен 106 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл акция ресми түрде 5 қыркүйекте аяқталған. Бұған дейін кейбір аймақта тұрғындар “несиесі кешірілуі тиіс” азаматтар санатына жатса да, өздерінің жеңілдікке ілінбегеніне наразы болған.

Тоқаев жарлығына сәйкес, маусымның 1-іне дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілуі тиіс болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз