1 қаңтардан бастап жүргізушілер ұсақ жол-көлік оқиғалары кезінде полицияның және соттың қатысуынсыз жеңілдетілген тәртіпте сақтандыруды рәсімдей алады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл үшін мемлекет “Еурохаттама” арнайы мобильді қосымшасын әзірледі. Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді.
“Еурохаттама” арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар:
1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;
2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;
3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 АЕК (369 мың теңге) аспаса.
“Еурохаттаманың” артықшылығы жүргізуші полицияны күтпейді. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке де тартылмайды. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі де қысқарады. Бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.