Ұлы Отан соғысында жеңіске үлес қосқан ардагерлер мен басқа да санаттағы азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсету қарастырылғанын 5 мамырда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Вице-министр Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.
“Егде жастағы адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады. Біріншіден, жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдер көлемі ұлғаюда. Азаматтардың 20 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады”, – деді вице-министр.
Руслан Сәкеевтің айтуынша 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері ҰОС қатысушылары үшін 193 714 теңгені құраған. Оны 289 адам алады. ҰОС мүгедектері үшін – 201 615 теңге (98 адам); басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері үшін (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Египет, Ирак және т.б.) – 205 041 теңге (24 943 адам); ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар үшін – 161 174 теңге (3 886 адам); ҰОС мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін – 124 409 теңге (14 780 адам); ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 132 060 теңге (69 248 адам)
“Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 5,4 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсету қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың барлық көрсетілген санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде барлық өңірлерде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін біржолғы материалдық көмек кемінде 1 млн теңге көлемінде көрсетілетін болады. Концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – кемінде 100 мың теңге. Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – кемінде 60 мың теңге. Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің жұбайларына және тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге қарастырылған”, – деді Р.Сәкеев.
Вице-министр сондай-ақ, бүгінгі таңда ҰОС ардагерлеріне төлемдер барлық өңірлерде жүргізілгенін атап өтті. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады.