Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон комитеті жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 млн Ресей азаматы кіргенін хабарлады.
Қазақстанға келгендердің басым бөлігі елден шыққан.
“Биыл Қазақстанға 4,3 млн шетел азаматы кірген, 4,1 млн шетел азаматы шыққан. Оның ішінде елге кірген 1,66 млн Ресей азаматы бар, 1,64 миллионы елден шыққан. Елге келген әрбір азамат туралы толық мәлімет, оның ішінде төлқұжаттарының деректері мен келу мерзімі жайлы мәлімет жинақталып, тіркеледі. Көші-қон процесіне мониторинг жүргізіледі, – деді көші-қон комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарушы Аслан Аталықов.
Аталықов ішкі істер органдары елге кірген шетел азаматтарының ережені сақтауын қадағалайды деді.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері 45,7 мың адам көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған, 4,2 мыңы Қазақстаннан шығарылған. Көші-қон заңнамасын бұзғандардың 3,2 мыңы – Ресей азаматы.
“Ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстанда заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді” деді комитет төрағасы міндетін уақытша атқарушы.
Қазақстан заңнамасы бойынша, Еуразия экономика одағына (арасында Ресей де бар) кіретін ел азаматтары елде 90 күн визасыз бола алады.
21 қыркүйекте Ресей басшысы Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Осыдан соң Ресей азаматтарының елден жаппай кете бастағаны туралы ақпарат тараған. Әзірге қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені туралы мәлімет жоқ. Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар “ресейліктердің елге ағылып келуіне” алаңдаушылық білдіріп, кейбірі билікті шекараны жабуға үндеді.