«Жаңа жыл – барша жұрт ақ ниетпен асыға күтетін айрықша мереке»

0
239

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды kazaknews.kz.

“Санаулы сәттерден соң біз күнтізбенің жаңа парағын ашып, 2018 жылды қарсы аламыз.
Жаңа жыл – барша жұрт ізгі тілекпен, үкілі үмітпен, ақ ниетпен асыға күтетін айрықша мереке.
2017 жыл Тәуелсіздік жылнамасында ерекше із қалдырған оқиғаларға толы болды.
Ата заңымызға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін маңызды қадам жасадық.
Бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын Рухани жаңғыру жолын бастадық.
Өткен жыл қазақ тілінің жаңа әліпбиі қабылданған тарихи шешім арқылы есте қалады.
Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық.
Татулық пен тұрақтылықтың мекені – Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты.
Әлемнің әр түкпірінен келген спорт саңлақтары Қысқы Универсиада төрінде бас қосты.
Астананың және бүкіл еліміздің ажарын ашқан «ЭКСПО» көрмесі беделімізді биіктетіп, абыройымызды асқақтатты.
Барша мұсылман елдерінің басшылары қатысқан жиын өтті.
Биыл біз он сегіз миллион халқы бар еңселі елге, мерейлі мемлекетке айналдық.
Өтіп бара жатқан жылды баршамыз үшін құтты жыл болды деп сеніммен айтуға болады.
Жарқын жетістіктеріміз бен жасампаз жеңістеріміз – бекем бірлігіміздің арқасы.
Бұл белестерді өздеріңізбен бірге алдық, толайым табыстарға сіздермен бірге жеттік.
Қадірлі қазақстандықтар!
Босағамыздан аттағалы тұрған 2018 жыл да берекелі болады деп ойлаймын.
Қазақстан келер жылды Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етумен бастайды.
Бұл – қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік.
Алдағы жылы ерке Есілдің жағасындағы ажарлы Астананың 20 жылдығын атап өтеміз.
Елордасы еңселі, қуатты Қазақстанның мақсаты – биік, бағдары – айқын, келешегі – кемел.
Келер жыл ел қазынасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыратын жемісті жыл болсын!”

– деп жүрекжарды тілегін білдірді Елбасы.

Kazaknews.kz сайты да барша қазақстандықтарды Жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтайды!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз