БҰҰ Семей халқын сауықтыру туралы қарар қабылдады

0
255

Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясы Семей өңірінің халқын сауықтыру, қоршаған ортасын қалпына келтіру және экономикалық дамыту мақсатындағы қарарды бірауыздан мақұлдады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Құжатта Халықаралық қауымадстыққа Қазақстанға зардап шеккен халықты емдеу жөніндегі арнайы бағдарламаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға, Семей өңіріндегі экономикалық өсу мен орнықты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерге көмек көрсетуге шақыру  жазылған. Сондай-ақ Қазақстан үкіметінің Семей өңірінің қажеттіліктерін өтеуге жәрдемдесу үшін ресурс бөлудегі маңызды рөлі атап өтілген.

БҰҰ оныншы рет мақұлдаған бұл қарарды ұйымға мүше 118 мемлекет жобаның тең авторы болуға келіскен.

Қарар алғаш рет 1997 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 52-сессиясында мақұлданған. Семей өңірі бойынша қабылданған құжат халықтың, әсіресе балалардың және басқа да осал топтардың өмірі мен денсаулығы үшін ядролық сынақ салдарының ұзақ мерзімді жалғасуына халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын білдіретін айқын дәлел.

1991 жылы әлемдегі ең ірі Семей сынақ полигоны сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жабылды. Полигонда 1949 жылдан 1989-ге дейін 458 атмосфералық және жерасты жарылысы сынақтан өткен. Осы ядролық сынақтардан 300 000 шаршы шақырымнан асатын аймақ зардап шеккен. Миллионнан астам адам ядролық сынақ құрбаны болды. Радиация жергілікті халықтың иммундық жүйесін әлсіреткен. Кейіннен онкологиялық аурулардың көрсеткіші артып, емдеу құны мен аурудың ұзақтығы артқан. Ядролық сынақтың зиянын әр буын өкілі осы уақытқа дейін тартып келеді.

Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде БҰҰ мен донор елдер көмегімен ядролық трагедиямен 30 жыл бойы күресіп келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз