Елбасы мақаласы аясында “Ұлы дала” қаламгерлер байқауы бастау алады

0
121
дереккөзден

“Нұр Отан” партиясы Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ақын-жазушыларға арнап, “Ұлы дала” республикалық байқауын жариялады. Бұл туралы 26 қараша Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев хабарлады.

photo KAZAKNEWS.KZ

“Шығармашыл жастар арасындағы байқау “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мен Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы аясында өтеді”, – деп мәлімдеді М. Әшімбаев. Сондай-ақ, сөз барысында М. Әшімбаев “Нұр Отан” партиясы мемлекет басшысының “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында айқындап көрсетілген барлық жобаларға белсенді ат салысатындарын алға тартты.

“Ұлы дала” байқауының мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету. Бұдан өзге өз шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайықты баға беру көзделіп отыр.

Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Нәтижесінде, “Проза”, “Поэзия”, “Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценарийі”, “Публицистика” және “Балалар әдебиеті” бес бірдей аталымы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Әр аталым бойынша жеңімпаз және екінші, үшінші орын алған қатысушыларға қомақты қаржылай сыйақылар беріледі. Нақты айтқанда, әр аталымның жеңімпазына – 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне -750 мың, ал 3-орын алған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі. Байқауға берілетін шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады. Байқаудың басты шарттары партияның ресми сайтында (nurotan.kz) жарияланады.

photo KAZAKNEWS.KZ

Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты , “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Мирас” республикалық қорының мүшесі Сауытбек Әбдірахманов, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Несіпбек Айтұлы қатысты.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз