Қоблан Мусин өмірден өтті

0
174

Танымал музыкант, композитор, “Жетіген” ансамблінің солисі Қоблан Мусин 30 наурызда 67 жасына қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы “Қазақпарат” хабарлайды.

Композитордың өмірден өткенін мәдениет және спорт министрлігі растаған. Өз кезегінде министр Арыстанбек Мұхамедиұлы композитордың отбасына көңіл айтты.

«Қазақ өнері дарынымен елді баураған саңлағынан айырылды… Атақты музыкант, композитор, аты аңызға айналған «Жетіген» ансамблінің солисі Қоблан Мусин 67 жасында мезгілсіз қайтыс болды. Қоблан Қапанұлын жақын танитын, тығыз қарым-қатынаста болған адам ретінде қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдап, отбасына, туған-туыстарына, үзеңгілес әріптестеріне қайғыра көңіл айтамын», – деп жазды министр фейсбук парақшасында.

Министрдің жазуынша, Қоблан Мусин бойына кең даланың дархандығын сіңірген, жасандылықтан ада, Сарыарқаның самал желіндей желпіген тазалығы бар әдемі жан, шынайы өнерімен тыңдаушысын баурай білетін хас шебер еді. «Оның ұмытылмас шығармалары, «В нашем парке зима» сынды әні тыңдарманға танымал, көңілге жақын болды. Көп жылдар бойы Қоблан Қапанұлы Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінде қызмет атқарды. Қазақстанның әншілік өнері тарихында Қоблан Мусиннің шығармашылығы дара жол болып сақталып, оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгі қалады», – деп жазды министр.

Қоблан Мусинмен қоштасу рәсімі 2 сәуір күні сағат 10:00 мен 11:00 аралығында ҚР Президенті Істері басқармасы орталық клиникалық ауруханасының қаралы залында болады. Мекенжай: Алматы, Панфилов көшесі, 139, Жамбыл көшесінің қиылысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз