Президент Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалығындағы нәтижелерін атады

0
98
Ақорда

Қазақстан президенті Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінгі басқосуға құрметті қонақтардың келуі Түркі кеңесінің ықпал аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізетін уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін, – деген мемлекет басшысы Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды.

Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан президенті.


Атап өтерлігі, 3 қыркүйек Қырғызстандағы Шолпан-Ата қаласында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті өтуде. Саммитке Қазақстан президенті Н. Назарбаевтан өзге, Қырғызстан басшысы С. Жээнбеков, Өзбекстан басшысы Ш. Мирзиёев, Әзірбайжан басшысы И. Әлиев, Түркия басшысы Р. Ердоған және Венгрия премьер-министрі В. Орбан қатысты. Қазақстан өткен жылы Түркі кеңесіне төрағалық етті. Осы жылы кеңестің бақылаушы мемлекет ретіндегі тізгіні Венгрияға табысталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз