Қазақстан Ауғанстан мәселесі бойынша бейбіт келіссөзге шақырады

0
120
ҚР СІМ

Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерді қолдайды және мүдделі тараптарды бейбіт келіссөздерді тез арада бастауға шақырады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) басшысы Қайрат Әбдірахманов Өзбекстан Үкіметінің бастамасымен ұйымдастырылған Ташкенттегі «Бейбітшілік үдерісі, қауіпсіздік және өңірлік қарым-қатынас саласындағы ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі конференция барысында мәлімдеді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Конференция барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы бейбітшіліктің, қауіпсіздіктің, ынтымақтастықтың және дамудың өңірлік аймағының үлгісін Орталық Азияда қалыптастыру, соның ішінде Ауғанстанға экономикалық және әлеуметтік дамуда көпжақты көмек көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіпке қарсы тұру, сондай-ақ оның әлеуетін нығайту Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

 

«Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың негізі елдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, білім беру деңгейін және басқа да адами стандарттарды жақсартуға бағытталған реформалар болуы тиіс деп санаймыз»,

 

деді министр.

Конференцияның қорытындысы бойынша Ташкент декларациясы қабылданды, онда Ауғанстандағы жағдайды саяси тұрғыдан реттеудің одан арғы қадамдары көрсетіліп, саяси реттеу үдерісіндегі ауған тарапының негізгі және үйлестіруші рөлі бекітілді.


Атап өтерлігі, Ташкентте Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеудің негізгі қағидаттарын үйлестіру, Ауғанстан үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы келіссөздерді бастау тетігін әзірлеу, сондай-ақ осы үдерісті қолдау үшін әлемдік қоғамдастықтың бірлескен әрекеттерін үйлестіру бойынша конференция өтуде.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз