Рашад Маммадов: Әзербайжан Қазақстаннан моральдық әрі саяси қолдау күтеді (видео)

0
134
Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов.

2 қазан күні Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов KAZAKNEWS.KZ ақпарат агенттігіне “Таулы Қарабақ” қақтығысына қатысты сұхбат берді. 

“БІЗГЕ КЕРЕГІ ӘСКЕРИ КӨМЕК ЕМЕС, МОРАЛЬДЫҚ ҚОЛДАУ”

Рашад Маммадов Әзербайжанның Қазақстаннан халықаралық құқық аясында саяси қолдау күтетінін жеткізді.

“Біз Қазақстан билігі, ішкі саяси ведомстволары қазіргі уақытта Әзербайжанда болып жатқан жағдайларға “адекватты реакция” білдіреді деп сенеміз”, – деді ол.

Әзербайжан елшісі 2014 жылы ЕАЭО-ның Мәскеуде өткен жиынында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Таулы Қарабаққа қатысты позициясына тоқталып Әзербайжанды Қазақстанның әрдайым қолдап келгендігін тілге тиек етті.

Сол кездегі Қазақстан президенті Назарбаев “Армения ЕАЭО-ға мүшелікке өтуі үшін Таулы Қарабақ дауын біржақты етуі керек”, – деген болатын. Ал 2016 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның Ереванда өткен жиынына бармаған.

“АРМЯН ӘСКЕРІ ОККУПАЦИЯЛАУДЫ ҚОЛДАУ ҮШІН СОҒЫСАДЫ, ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚТАР СОҒЫСҚА ӨЗ ЖЕРІН ҚОРҒАУҒА БАРАДЫ”

Рашад Маммадов
Әзербайжанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов.

“Әзербайжан халқы өзінің қазіргі жаңа тарихында ең қиын сәтті басынан өткеріп отыр. Армения үшін бұл оккупациялық соғыс. Армения әскері оккупациялауды қолдау үшін соғысады, әзербайжандықтар соғысқа өз туған жерін қорғау үшін барады. Миллиондаған босқындардың өз отанына оралуы үшін соғысады. Бұл Армения мен Әзербайжан арасындағы айырмашылық”, – деді елші.

Рашад Маммадов Әзербайжанның осы уақытқа дейін келіссөздерге әрдайым ашық болғанын жеткізді. Ол Арменияны бұл қақтығысты бейбіт түрде шешілуіне “құлықсыз” деп санайды.

“БҰЛ ҚАҚТЫҒЫСҚА “ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕЛІСІМІ” (ОДКБ) АРАЛАСА АЛМАЙДЫ”

“Армения бұл қақтығысқа Қазақстан, Ресей және басқа да “Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне” мүше елдерді араластырғысы келеді. Осының нәтижесінде Әзербайжан мен Армения арасындағы конфликтіні Армения аумағында болып жатқандай көрсетпек. Соғыс Әзербайжан территориясында болғандықтан бұл конфликтіге ҰҚК елдері араласа алмайды. Өйткені ҰҚК Армения республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Ал кейінгі 30 жылда барлық әскери ұрыстар окупацияланған Әзербайжан жерінде болған”, – деді елші.

Сонымен қатар Әзербайжан елшісі “Таулы Қарабақ” қақтығысы жайында Қазақстан медиасында тарап жатқан, қазақ қоғамын шатастыратын ақпараттарға алаңдайтынын жеткізді. Ол мысал ретінде армян ұлтының өкілі басқаратын ресейлік “Спутник” ақпарат агенттігін атап өтті.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ “ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ” ҚАҚТЫҒЫСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚАНДАЙ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ?

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйек күні ресми мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді. Тараптарды татуластыру үшін алаң ұсынды.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты ешқандай мәлімдеме жасамады.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасаған. Онда Қазақстандағы әзербайжан-армян диаспораларының бірлескен мәлімдемесін қолдайтыны және тараптарды қарулы қақтығыстарды тоқтатып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақыратыны айтылған.

Атап өтейік, Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз