Малдың күйі жақсы болса, басқаның күйі де жақсы болады…

0
104

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр. 

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Қой шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи дәстүрлі мал шаруашылығының саласы. Халқымыздың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі қой шаруашылығымен тікелей тамырласып жатыр. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. Бүгінде бұл шаруашылықты кәсіпке айналдырған жандар аз емес. Солардың бірі – «Сапи» шаруа қожалығының басшысы, жетісулық кәсіпкер Төлепберген Сaпиұлымен сұхбат құрдық.

– Қысқаша өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

Есімім Төлепберген Сапиұлы 1979 жылғы 11 наурызда Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан 100 шақырым жердегі Архуст аймағында дүниеге келдім. 1991 жылы Қазақстанға 5 сынып оқушысы кезімде көшіп келдік. Жанұямызда төрт ұл, бес қызбыз. Мен тоғызыншысымын. 1997 жылы мектеп бітіріп, бұрынғы Астана аграрлық университетіне оқуға түстім. 2002 жылы инженер-педагог мамандығын бітіріп, 2002-2004 жылдары Талдықорған қаласындағы №9 орта мектепте информатика пәнінен мұғалім болып қызмет еттім. 2004-2008 жылдары Алматы облыстық көші-қон басқармасында, 2008-2012 жылдары облыстық жер қатынастары бөлімінде жұмыс істедім. Үйленгенмін, 2 қыз және 3 ұлым бар. Үлкен қызым ҚР Қаржы министрлігінде, ұлым IT саласында жұмыс істейді. Екінші ұлым биыл Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне оқуға түсті. Үшінші ұлым Талдықорған қаласындағы №24 мектеп-лицейінде оқиды. Ал екінші қызым 4 сынып мектеп оқушысы. Жұбайым үй шаруасындағы әйел. «Береке» атты шаруа қожалығымыз бар. 2012 жылдан бері «Сапи» атты шаруа қожалығында жұмыс істеп келемін.

– Қой шаруашылығымен қашаннан бері айналысып келесіз?

– Бұл кәсіппен айналысуыма әкем себепші болды. Ол 70 жасқа келгенде бұрынғы жұмыс орнымнан өз еркіммен шығып, оның кәсібін жалғастыруға бел будым. 40-тан аса меринос қойымыз және ешкілеріміз де бар. Қожалықта тұрақты түрде 6 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ егін шаруашылығымен де айналысамыз. 170 гектар суармалы жеріміз бар. Қожалығымызда 30% май бұршағы, соя өсіреміз. 30% жүгері, қалғанына арпа, бидай, мал азығы өнімдерін  өндіріп, сондай-ақ көп жылдық шөп те егеміз.

– Қойларға жем-шөпті қайдан аласыз?

– Жем-шөбін шаруашылығымыз арқылы қамтамасыз етеміз. Негізінен қойлар жем-шөпке қатты тәуелді емес, өйткені жыл он екі ай өрісте жайылып жүреді.

– Басқа түліктермен салыстырғанда бұл шаруашылықтың қандай кемшілігі бар?

– Қой мен егін шаруашылығына субсидия алу мәселесінде қиындық туады. Салған инвестициямызды қайтарып алып жатырмыз. Бірақ, субсидия алу уақыты белгісіз, 1 жылдан 2 жылға дейін созылатын кездер болады. Мысалы, биылғы қаражатты келесі жыл аламыз. Сол себептен кейбір мемелекеттік органдарға көңілім толмайды.

Қой және егін шаруашылығымен айналысқан соң көп уақытымыз бола бермейді. Бұрынғыға қарағанда шүкір, тракторларды жеңілдікпен алып жатырмыз. Оны алғаннан кейін субсидия аламыз.

– Жалпы қой мен оның өнімдеріне қаншалықты сұраныс бар, қай кездерде артады?

– Етіне байланысты. Сатылатын, жасы келген еркек және ұрғашы қойларды желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында бордақы алаңына қойып, наурыздан бастап мамыр айына дейін сатамыз. Басқа уақытта ет сатпаймыз. Ол кезде егін шаруашылығы мен басқа да жұмыстармен айналысамыз. Етті жергілікті базарға өткіземіз.

Өзімізден артылған арпа, бидайды көршілерімізге нарықтағы бағамен сатамыз. Майбұршақ, соя мен жүгеріні зауыттарға өткіземіз. Ол жағынан проблема жоқ.

– Қойдың жүні мен терісін кәдеге жаратасыздар ма?

– Қойларды мамырдың алғашқы он күндігінен бастап қырқа бастаймыз. Әр қойдан 3,5-4 кг жүн аламыз. Жүннің бағасы сұранысқа байланысты өзгеріп тұрады.

– Шаруашылығыңыз қой тұқымын асылдандырумен айналыса ма және кəсіпкерлерге қолдау ретінде мемлекеттен көмек алдыңыз ба?

Асылдандыру бойынша қазіргі Жетісу облысында жұмыстар жақсы жолға қойылған. Біраз бәсеке бар деуге болады. Асылдандыру бойынша бір ғана мекемемен емес, төрт-бесеуімен келісімшартқа отырамыз. Соның негізінде асыл тұқымды қошқарларды үйімізге дейін әкеп береді. Жылда ұрықтандыру жұмысы  жүргізіледі. Соған байланысты мемлекеттен субсидия беріледі.

– Елімізде қой шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасып тұрасыз ба?

Басқа қожалықтарда жылына 4-5 рет семинар өтіп тұрады, олармен тәжірибе алмасамыз. Сондай-ақ Жетісу облысында шаруашылыққа байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі.

– Өмірлік ұстанымыңыз немесе еңбекке байланысты қанатты сөзіңіз бар ма?

– Мал шаруашылығы ежелден қазақ халқына тәншаруашылық түрі, атакәсібіміз десек болады. Кәсіппен айналысып, маңдай тер төгіп атқарған еңбегіңнің нанын жегенге не жетсін!

Хәкім Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген асыл сөзін өмірлік ұстанымым ретінде қолданамын. Бұл кәсібіміздің арқасында бала-шағамызды асырап, оқытып жатырмыз. Шүкір, жағдайымыз жаман емес, жақсы.

Кəсіпкер ретінде қой шаруашылығымен айналысатындарға қандай кеңес берер едіңіз?

–  Қазіргі таңда бұл атакәсібімізді жалғастыратын жастар аз. Саны азаймаса, артып жатқан жоқ. Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Әсіресе, мал шаруашылығында жыл он екі ай бос уақыт болмайды. Кәсіптің қиындығы барлық істейтін шаруаны күнбе-күн істеп тұруыңда… Бұл 360 күн бағып, 4 күн дұрыс бақпасаң еңбегің зая кететін шаруашылық. Малдың күйі жақсы болса, басқаның күйі де жақсы болады…

– Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Сабина Кәкімжан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз