Ғалымдар тарапынан кемшіліксіз болған әліпбиді комиссия мүшелері елемеді

0
110

Белгілі ғалым Қуантқан Вановты жақында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қабылдады. Сонымен қатар, қарашаның 8-інде ғалым дайындаған әліпби Орфографиялық комиссияда қаралады. Осыған орай ағамызды сөзге тартқан едік.

Қуантқан аға, министрдің қабылдауында болғаныңызды, әліпбиіңіздің орфографиялық комиссиядан өтейін деп жатқанын фейсбук арқылы біліп  жатырмыз. Хабарыңызды өз аузыңыздан естісек.

Менің көптен бері осы мәселемен айналысып, латында жоқ дыбыстарды өздерінің фонетикалық таңбасы арқылы белгілеуді ұсынып жүргенімді білесің. Бұл орайда Ақтауда, Алматыда, Астанада әр түрлі дәрежедегі конференция, семинарларда жұртшылықтың қолдайтынын сезінсем, ғалымдар тарапынан кемшіліктерімді айтқан дәлелді пікірлер естімедім. Соған байланысты және басқа нұсқалардан түзілу тәсілі бөлек болғасын, әліпбиді талқылауға құзіреті бар мекемелерге әліпбиімді ұсынғанмын. Бірақ олар менің әліпбиімді елемеді, талқылауға да шақырмады, жаман-жақсылығы туралы пікір де айтпады. Сондықтан Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға хат жазуға мәжбүр болдым. Шағымыма сергек қарап, қабылдауына шақырған министрімізге және осы қабылдауға баруымды ұйымдастырған министрліктің өкілі Ерлан Жұрынбаевқа мың алғыс.

Министрге әліпбиіңізді талқылаудан өткізуден басқа ұсыныс та  айтқан шығарсыз?

Иә, әліпбиді сараптауға қатысты екі ұсыныс айттым. Бірі – әліпбиді жеке адамға ұнамдылығы тұрғысынан емес, оған қойылатын талаптарға қаншалықты сайлығы тұрғысынан бағалау. Мұндай талаптарға А.Байтұрсынұлы атамыз тұжырымдап кеткен жазуға қолайлылық, оқуға жеңілдік, үйренуге оңайлық, баспа ісіне тиімділікті, сондай-ақ қазіргі заман қажеттілігінен туындайтын компьютерлік технологияда қолданылу мүмкіндігі, түркі халықтарымен ынтымақтасуға пайдасы, тағы сол сияқты талаптарды жатқызуға болады. Ал екінші ұсынысым – әліпбиді таңдап алғаннан кейін де бекітуге асықпай, бастауыш сынып пен қазақ тілі мұғалімдерінің талқылауына беріп, тәжірибеден өткізіп барып қабылдау керек. Өйткені оқу, жазуды балаларға күнделікті үйретіп жүрген мұғалімдер әліпбидің жақсы, жамандығын ғалымдардан кем айырмайды.

Сізге министрдің пәрменінен кейін ғана көңіл аударып отырған комиссия әліпбиіңізді әділ бағалайды деп ойлайсыз ба?

Комиссияның бұрын көңіл аудармағаны әр түрлі нұсқаларды талқылауға құқы болмай, өздеріне берілген әліпбиді насихаттауға ғана әлі келгендігінен деп ойлаймын. Ал енді өздеріне ерік берілгеннен екен, жақсы әліпбидің қабылдануына ең алдымен сол комиссия мен оны басқарып отырғандар мүдделі емес пе? Өйткені ендігі әліпби үшін үкімет алдында да, ел алдында да, болашақ ұрпақ алдында да солар жауап береді. Сондықтан жақсы нұсқа табылса, олар да қуанатын болуы керек. Әрине, комиссия ішінде өз әліпбилерін ұсынып отырғандар болғасын ішінара өзіне тартудың болуы мүмкін, бірақ олардан да басқа адамдар бар ғой. Сондай-ақ комиссия соңғы шешімді қабылдаушы емес, пікір айтатын халық та бар, бекітетін органдар да бар. Тіпті, халықтың пікірі жарлықпен бекітілген әліпбиді де өзгертіп жатқан жоқ па? Кемшілігімізді мойындата алмаса, өзіміз де қарап қалмаспыз. Министрге келерден бұрын Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесі де қолдау көрсетіп, жоғарыға жазамыз деп отырған.

Сіздің әліпбиіңізді алғаш көргенде ə әрпін ы деп оқуды қабылдай алмап ем, і-нің таңбасы ретінде теріс қаратып салынған енің (ɘ) алынуы да ерсі көрінген. Комиссия мүшелері де сондай көзқараста болмас па екен?

Алғаш танысқанда кейбір адамдар сондай сезімде болатыны рас. Бірақ кирилдегі р, в, і деп оқылатын таңбаларды латынша п, б, и деп оқуды қабылдағанда, ә таңбасын неге ы деп қабылдауға болмайды? Сол сияқты кирилдегі р, я таңбаларына теріс қаратып салынған q, R ерсі көрінбегенде, ɘ неге ерсі көрінеді? Әріптерді қабылдаудағы мұндай айырмашылық латын, кирил әріптерінің бұрыннан таныс, ал фонетикалық таңбалардың таныс еместігінен ғана. Бұл алғашқы тосырқау үйренісе келе кетеді. Ал бастауышқа жаңадан келген, латын әрпін де, кирил әрпін де танымайтын оқушыда мұндай тосырқау болмайды, қандай таңбаны үйретсең, соны қабылдай береді. Комиссияда отырғандар ғалымдар ғой, мәселені сезіммен емес, ақылмен шешеді деп ойлаймын.

Иә, қазір сіздің әріптеріңізді ерсі көрмейтін болдық. Басқа нұсқалардың қайсысын басты бәсекелес деп санайсыз? 

Мен тағы қандай нұсқалардың ұсынылып жатқанын білмеймін, ал көріп жүрген нұсқаларым – түрік әліпбиі үлгісінде жасалған, асты-үстіне ноқат қойылған әліпбилер. Бұлардың жақтаушылары көп, себебі ол түркілік жазу бірлігіне жеткізеді деп есептейді. Бірақ латын негізді әліпби қабылдаған әзірбайжан, түркмен, өзбек, қарақалпақтардың әрқайсысының әліпбиі әр түрлі, яғни ноқатты әліпби түркі бірлігіне жеткізе алған жоқ. Бұл орайда түркі бірлігі үшін ноқатты әліпбиден гөрі біздің әліпбиіміз тиімдірек. Өйткені барлық түркі халқы өздерінің әріптерінің дыбысталуын біздікіндей фонетикалық таңбалармен көрсетеді.

Сондай-ақ ноқатты әріп жазуға қиындық келтіреді. Соған байланысты әзірбайжандар сөздерінде көп кездесетін ә дыбысының түркілік ä таңбасынан бас тартып, ә-мен белгілеп отыр. Тіпті түріктердің өзінде де ы дыбысына ноқатсыз ı таңбасы алынған. Ноқатты әріптен қашудың салдарынан түркмен әліпбиінде ы дыбысы латынның басқаша дыбысталатын у таңбасымен белгіленген. Біздің ноқатты әріпті жақтаушылар да өздерінің кейінгі нұсқаларында ңды ноқатты әріппен (ń, ñ) белгілеуден бас тартып, мендегідей фонетикалық таңбамен (ŋ) белгілепті. Бұл ноқатты әріптің тиімсіздігін, одан гөрі фонетикалық таңбаның артықшылығын мойындаудың басы деп ойлаймын.

«Байлатын» жобасы жөніндегі ойыңыз қалай?

Мен жоба авторларының оған қатысты айтып жүрген дәлелдерінің бірқатарына түсініңкіремеймін. Бірақ екі түрлі дыбысты бір таңбамен беру тәсіліне қарсымын. Өйткені бұл кейбір дыбыстарымыздан айрылып қалуға соқтыруы мүмкін. Бұған тарихта мысалдар жеткілікті. Тіпті, олай болмаған күннің өзінде де, оқу, жазуды қиындыққа ұшыратады. Олар бұған қатысты «А.Байтұрсынұлы да төте жазуында дәйекше қолданған ғой» деген уәж айтады. Алайда дәйекшені ол араб әріптерінің стилінде жаңадан әріп жасау мүмкіндігі жоқтықтан қолданған болатын. Әйтпесе, ол кісі «әліпби тілге шақ болуы керек» деген. Мұндағы әліпби әріптер болса, тілі дыбыстар, яғни А.Байтұрсынұлы «әр дыбысқа бір таңба» принципін жақтаған.

Әділ бағалап жатса, жобаңыздың өтетініне сенімдісіз бе?

Сенімдімін деп айта алмаймын, бірақ үміттенемін. Әрине, менің жобамда да кейбір әріптердің көңілдегідей болмауы мүмкін. Мен «мына дыбысты мына әріппен белгілейік» деп, әріп үшін таласып жүрген жоқпын, дыбысты өзінің фонетикалық таңбасымен белгілеу принципін ұсынып жүрмін. Сондықтан ұсынған принципім өтіп жатса, тілші ғалымдармен, бағдарламашылармен ақылдасу барысында кейбір әріптердің өзгеру мүмкіндігін де жоққа шығармаймын.

Жақсы, аға, үмітіңіз ақталсын!

Рахмет! Менің емес, елдің үміті ақталсын!

Сәуірбек Бердібек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз