2 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады. 

Астана телефонмен сөйлесу Украина тарапының бастамасымен болғанын жазды. Ақорда екі президент Қазақстан мен Украина арасындағы гуманитарлық, сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселелерін талқылағанын мәлімдеді.

Зеленский “бірінші кезекте Қазақстанға гуманитарлық көмек үшін алғыс айтқан”.

“Әріптесімді Украинаның бейбітшілік формуласын жүзеге асыру бойынша қауіпсіздік кеңісшілердің жұмысының нәтижесі жайлы және Әлемдік бейбітшілік саммитін өткізуге дайындық туралы ақпарат бердім. Тоқаевқа бүгін Киевте еркінен тыс елден шығарылған украиналық балаларды қайтару бойынша Халықаралық коалицияның жиыны өтіп жатқанын хабарладым. Соңында екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасы мен саяси диалогты жандандыруды талқыладық” деп жазды Зеленский телеграм каналында.

Ақорда баспасөз қызметі Зеленский Қазақстанның қоғамдық ұйымдары арқылы еліне көрсетілген гуманитарлық көмегі үшін Тоқаевқа алғыс айтқанын хабарлады.

Бұған дейін отандық БАҚ Қазақстан мен Украина арсындағы дипломатиялық қарым-қатынас тоқтап қалғанын, Қазақстанда әлі күнге дейін Украина елшісі жоғын айтқан. Бұған қоса, Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев қызметінен ресми түрде алынбаса да, Астанада екенін мәлімдеген.

2022 жылы қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийді қызметінен босатты. Содан бері Украинаның Қазақстандағы елшісі тағайындалмаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз