Елбасы: «Жас Отанның» мақсаты – Қазақстан жастарын біріктіру

0
118

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесуде Қазақстан Президентіне партияның қазіргі қызметі жөнінде мәлімет беріліп, «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінің қорытындысы туралы баяндалды.

Елбасы мемлекеттік саясатты іске асыру үдерісінде партияның жастар қанаты маңызды миссия атқаратынын айтты.

«Жас Отан» жастар қанатының съезі табысты өтті. Менің тапсырмама сәйкес, жастар арасында саяси жұмыстар жүргізілуге тиіс. «Жас Отанның» мақсаты – Қазақстан жастарының барлығын біріктіру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев съездің қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.

ІV съезге барлық облыстар мен өңірлерден 1500-ден астам делегат қатысты. Форумның бірінші күні партияның конференциясы және арнайы бес панельді сессия өтті, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Бұдан бөлек, М.Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа стратегиялық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, соның ішінде «Рухани жаңғыру» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру үдерісіне партияның атсалысуы туралы баяндады.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысына партияның кадрлық резервін қалыптастыру барысы жөнінде мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз