Бүгін Астанада «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтау сөзінде АҚШ-қа ресми сапары кезінде Дональд Трамппен әңгімесін еске алды.
Мемлекет басшысы «Осы қаңтарда мен Америкада сапармен болдым. АҚШ Президенті Дональд Трамп мырза «сендердің қай елмен жанжалдарың бар?» деп менен сұрады. Мен ешбір елмен Қазақстанның ешқандай жанжалы жоқ, барлығы бізді сыйлайды, біз де барлығын сыйлаймыз деп жауап бердім.
Сонда Трамп «қарашы, ешкіммен ешқандай жанжалы жоқ, ал біздің төңірегіміздің бәрі жанжал» деді. Құрметті отандастар, жастар, мынадай концерт, кешегі өткен Ассамблея ненің үлгісі? Татулық бірлік болмаса, біздің үйлеріміз неше түрлі гүлменен жайқалып көңіліміз көтерілмес еді. Көп мәдениет, көп пікір, көп халық болса соның бәрі қайнап қосылған кезде осындай әдемі гүл болып шығады. Сондықтан ешқашан Алла осыдан айырмасын бізді. Бірлік болса біз талайға жетеміз», – деді.