Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапары кезінде Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.
«Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр» – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Қазақстан Президенті өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды.
Сонымен қоса Президент «Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет» – деп мәлімдеді.
Жадыра Аманбайқызы