Президент Н.Ә. НАзарбаев ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс беру туралы қаулы қабылдады.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған қаулыда «Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынымы негізінде жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығына тиісті бақылауды қамтамасыз етпеу түрінде көрініс тапқан, жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа сөгіс жарияланды», делінген.
10 қазанда энергетика министрі Қазақстанда 138 мың тонна отын бар екенін және ешқандай жетіспеушіліктің жоқтығын мәлімдеген болатын. Осыған қарамастан министр бүгінгі жағдайға байланысты Қазақстан халқынан кешірім сұрады.
Сондай-қа 10 қазанда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазастанның отын нарығындағы жағдайдың салдарынан Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауовты қызметінен босатқан болатын.