Қазақстан Президентін сайлауы күні қаладағы сайлау учаскелерінің бәрінде Геннадий Головкиннің жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.
9 маусым күні қазақстандық боксшы Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін өткізеді. Ол шаршы алаңға Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат таңғы 7 мен 10-ның арасында шығады деп жоспарланып отыр. Отандық спортшымызды қолдау үшін елордадағы әрбір сайлау учаскесінде оның бокс кеші онлайн көрсетіледі.
Бұған қоса сайлау учаскелерінің әрқайсысында шағын мерекелік концерттер мен мәдени іс-шаралар жоспарланып отыр. Сондай-ақ қала тұрғындарының қолайлығы үшін сол күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылады.
Айта кетейік, елордада 238 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 204-і – ашық, 34-і – жабық учаске.