27 қаңтарда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Александр Милютин еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.
Депутат Милютин қазіргі зейнетақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп есептейді.
“Қазақстандықтардың көбі аз жалақы алатындыдықтан, зейнетақы жинағы да аз. Сондықтан біздің партия бұрын жақсы нәтиже көрсеткен зейнетақы жүйесіне оралуды ұсынады. Біздің басты ұсыныстарымыздың бірі – еңбек жағдайының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарау. Азаматтың жынысына қарамастан зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендету керек. Зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен ұлғайту мәселесін көтерудің мәні жоқ. Ең төмен базалық зейнетақы жыл сайынғы орташа жалақыға тең болуы керек”, – деді депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары бұған дейін де Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынып, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдаған. Бұған үкімет басшысының баспасөз қызметі “Қазақстанда зейнет жасын ұзарту мәселесі қарастырылмайды” деген.