Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезінде 276 елді мекенді су басуы мүмкін. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге сілтеме жасап Sputnik Қазақстан хабарлады.
Ведомство әкімдіктермен бірлесіп 2017 жылы ел бойынша көктемде су басуға неғұрлым бейім 905 елді мекенді анықтаған.
“Қазір су басу қаупі бар аймақта республика бойынша 276 елді мекен қалып отыр, бұл 270 мыңнан астам адам. Оларды су тасқынынан қорғау үшін 2023 жылға дейінгі жаңа жол картасы бекітілді. Оны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр”, – деді Ильин үкімет отырысында.
Министр өңірлерде алдағы су тасқынына қарсы дайындық қалай жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Оның айтуынша, жанар-жағармай (3,2 мың тонна), инертті материалдар (224,3 мың тонна) мен құм салынған қаптардың (886 мың дана) қоры қалыптастырылды.
Шұғыл шығындарға да төтенше резерв көзделіп, шамамен 38 миллиард теңге алдын ала салынған.
Саны 38 мың адамнан асатын азаматтық қорғау құралымдары, 13 мың бірлік техника, 500-ден аса жүзу және 2 500-ден аса су сору құралы айқындалды.
Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда, бүгінде 13 миллион текше метрден астам қар шығарылған.
Ильин солтүстік және орталық өңірлердің әкімдіктері елді мекендерден қар шығару жұмысын жандандыру қажет екенін ескертті.