Астана қаласының әкімдігі мерекелік отшашудың неге кеш ұйымдастырылғанына түсінік берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тәуелсіздік күнінің құрметіне Астанада ұйымдастырылған отшашу техникалық себептерге байланысты жоспарланған уақыттан бір сағатқа кешіктіріліп атылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдығының құрметіне Есіл өзенінің жағалауында, «Хан Шатыр» СОО-ның маңында және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында бүгін, 16 желтоқсанда түнгі сағат 22:00-де отшашу ұйымдастырылуы тиіс болатын.
Алайда мерекелік отшашу қала тұрғындары мен қонақтарын сағат 23:00-де қуантты.
«Отшашудың кеш ұйымдастырылуына техникалық келеңсіздіктер себеп болды. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – делінген Астана қаласы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының хабарламасында.
Жадыра Аманбайқызы