21 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында күніне COVID-2019 инфекциясының 250-300 жағдайы анықталатынын айтып халықты санитарлық талаптарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қаланың әлі “қызыл аймақта” екенін ескерткен әкім өзін оқшаулауы тиіс азаматтардың карантин талаптарын өрескел бұзып жатқанын жазады.
“Күнделікті COVID-2019 инфекциясының 250-300 жағдайы анықталады. Бір жағынан, бұл ПТР тестілерінің санын көбейту арқылы, екінші жағынан, оқшаулау мен санитарлық нормалардың бұзылуынан болып отыр. Ashyq жобасы арқылы карантин талаптарының өрескел бұзылғанын көріп отырмыз. Өзін-өзі оқшаулауы тиіс (байланыста болған, жұқтырған) азаматтар бар, бірақ олар адам көп жиналатын орындарға баруын тоқтатар емес. Осылайша, коронавирустың таралуына әсер етіп жатыр. Мұндай адамгершілікке жатпайтын бұзушылықтарды тоқтатып, жолын кесеміз”, – деді қала әкімі.
Көлгінов қалада қосымша шектеулер енгізгісі келмейтінін айтады. Оның сөзінше, бұл қала экономикасына, тұрғындардың әл-ауқатына әсер етеді. Сонымен қатар, күзде жаңа оқу жылында мектептер жабық болады.
Әкім ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін қаланың қалыпты режимге оралмайтынын хабарлады.