Сыртқы істер министрлігінде Сыртқы саяси ведомство басшысы Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның 14-отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Отырыс барысында ядролық қаруды таратпау, ұлттық экспорттық бақылау жүйесін жетілдіру мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның алдағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы талқыланды.
Қ.Әбдірахманов Комиссия жұмысының бірқатар нәтижелерін атап өтті. Соңғы кездесуден кейін Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауыты негізінде Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің Төмен байытылған уран банкі ғимараты ашылды, сондай-ақ Қазақстанның теңгеріміне биологиялық қауіпсіздік деңгейін нығайтуға және Қазақстан, Ресей Федерациясы, Орталық Азия және басқа шетел ғалымдарының ғылыми қызметінің сапасын арттыруға бағытталған бірегей Орталық референс-зертхана қабылданды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ұлттық экспорттық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы аясында іс-шараларды әзірлеу мен өткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссия Қазақстанның қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға арналған арнайы жұмыс органы болып табылады. Сондай-ақ Комиссия Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық бастамаларын іске асыруда маңызды құрал болып табылады.
Жадыра Аманбайқызы