Түркістан қаласының әуежайында жеке деректерді растау үшін енді “e-Gov Mobile” қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті көрсетуге болады. Бұған дейін мұндай қызмет Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының әуежайларында қолжетімді болатын. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін “e-Gov mobile” жүйесінде тіркелген пайдаланушы “Цифрлық құжаттар” сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдауы қажет. Әуежайдың тіркеу бөлімінде, сондай-ақ ұшпай тұрып тексеруден өтерде QR-коды бар смартфонның экранын көрсету қажет.
Цифрлық құжаттар қызметі пилоттық режимде жұмыс істейді және әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалалары арасында қолжетімді. Осы әуежайлардың қызметін пайдалануды жоспарлап отырған жолаушыларға өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын да алып жүрген жөн.