20 қаңтарда Ұлттық олимпиадалық комитет 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасын таныстырды. Бұл туралы olympic.kz сайты хабарлады.
Қазақстан тарихында алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде «Qazaqstan» болып жазылады.
“Қазақстан құрамасының олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетті. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысты. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген”- делінген хабарламада.
Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан, сыртқы киім табиғи қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, өте иілімді және еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің пайымынша, олимпиадашылар бұл форманы спортттық аренадан басқа жерлерге де кие алады.
Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды.