«Приотехника» жедел алдын алу шарасы аяқталды

0
124

Елімізде 2017 жылдың 15 желтоқсаны мен 2018 жылдың 4 қаңтары аралығында әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және азаматтық қорғаныс органдары «Пиротехника» жедел алдын алу шарасын өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі.

Бұл шараның мақсаты сертификатталмаған және арнайы рұқсаты жоқ пиротехникалық бұйымдардың сатылуына жол бермеу болатын. Шара барысында ЖПҚ ювенальдық полиция, ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімшелерінің қызметкерлері мектептерде және басқа да білім беру орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, соның ішінде пиротехникалық бұйымдарды кәмелетке толмағандардың қолдануына жол бермеу және өрт қауіпсіздігі, жеке қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы интерактивті сабақтар өткізді.

Жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастырған нысандардың қызметкерлері мен басшыларына өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы нұсқаулықтар жүргізілді. Іс-шаралар өтетін жерлерде кезекшіліктер ұйымдастырылып, жедел топтар құрылды.

Республикалық және жергілікті телеарналарда пиротехникаларды қолдану кезінде жеке қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы арнайы репортаждар мен жарияланымдар көрсетілді.

Республика бойынша 4 қаңтарға дейін базарлар мен дүкендерге және басқа сауда орындарына үш мыңнан астам рейд жүргізілді, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды тасымалдау заңдылығын қадағалау мақсатында автожолдарда автокөліктерді тексеру ұйымдастырылды.

Осындай шаралардың нәтижесінде азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды тасымалдау, қолдану, сату және сақтау тәртібіне қатысты 348 заң бұзушылық анықталды.

Пиротехникалық өнімдерді сатудағы заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке 348 адам тартылды. 20,5 мың дана сертификатталмаған пиротехникалық бұйым және оларды қолдану құралдары алынды.
Мысалы, тек бір ғана рейд барысында астаналық «Көк базарда» 930 дана сертификатталмаған пиротехника алынды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз