Тоқаев Ақордада мемлекеттік награда табыстады

0
281
Мемлекеттік награда табыстау рәсімі. 18 наурыз, Ақорда.

18 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесі қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, азаматтарды қорғауда және құтқаруда көрсеткен жеке жанқиярлығы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге көрсеткен көмегі үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ақорда сайты бұл іс-шараны жыл сайын осы мейрамға орай өткізу дәстүрге айналатынын хабарлады.

Марапат алғандардың  қатарында өндіріс, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, бизнес өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, волонтерлер бар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

“Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз  жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге.  Халқымыз «Ер – еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар”, – деді президент. 

“Қазақстанның Еңбек Ері” атағы елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жазушы Илья Жақановқа, денсаулық сақтау саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа берілді.

“Парасат” орденімен мәдениет, ғылым және білім қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды. Олардың қатарында Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Кәрімбек Кұрманәлиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіғалиұлы, Еділ Жаңбыршин бар.

“Ерен еңбегі үшін” медалімен барлығы 25 адам наградталды. “Шапағат” медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз