Дүйсенбі күні Қазақстаннан Украина азаматтарына арналған гуманитарлық көмек артқан ұшақ Польшаның Катовице қаласына ұшты. Бұл арнайы рейсті президент Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған.
“17,5 тонна жүктің ішінде азық-түлік, төсек-орындар бар. Бұған дейін Қазақстан 28,2 тонна 17 түрлі дәрі-дәрмек – антибиотиктер, қабынуға, жөтелге және гипертонияға қарсы препараттар түріндегі гуманитарлық көмек жіберген болатын”, – делінген президент баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жүк жеткізген ұшақ қайтарда Украинадан Польшаға келген Қазақстанның бірнеше азаматы мен олардың отбасы мүшелерін дипломаттардың көмегімен алып қайту жоспарланған.