6 сәуір күнгі Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының отырысында ШҚО және Абай облыстарының бөлінуі туралы айтылды. Жаңадан құрылып жатқан Абай облысына 8 аудан кіреді, Шығыс Қазақстан облысының құрамында 9 аудан қалмақ.
Шығыс Қазақстан облысының құрамында Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха және Алтай ауданы қалады. Облыс орталығы Өскемен қаласы. Бұған қоса, облыстық маңызы бар Риддер қаласы да осы облыс құрамында болады.
Абай облысының құрамына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары өтеді. Бұған қоса, облыстық маңызы бар Семей және Курчатов қалалары осы облысқа қарайды. Облыс орталығы Семей қаласы болады.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматылаевтың айтуынша, өнеркәсіптердің 68 пайызы – ШҚО-да, 32 пайызы Абай облысында қалмақ.
“Абай облысының ауданы 185,5 мың шаршы метрді құрайды. Халық саны – 638,3 мың адам. Облыс халқының жалпы 47 пайызын құрайды. Шығыс Қазақстан облысының ауданы 97,8 мың шаршы метр. Халқы 717,6 мың адам. Облыс халқының 53 пайызын құрайды” деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жаңа әкімшілік-территориялық өзгерістерге сәйкес, бұл өңірде облыс қана емес, екі аудан да бөлінеді. Көкпекті, Тарбағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қалпына келтіріліп, қайтадан екіге бөлінбек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа жолдауынан кейін Қазақстанда тағы үш облыс пайда болатыны белгілі болған: Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында – Абай облысы, Қарағанды облысының Жезқазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облысы аумағында Жетісу облысы құрылады.
Үш облыс маусым айына дейін құрылуы мүмкін.