Тоқаев “Отан ана” монументіне гүл шоғын қойды

0
219
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Отан Ана" монументі маңында тұр. Photo: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамырда Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етіп, “Отан Ана” монументіне гүл шоғын қойды.

Республикалық гвардияның оркестрі мемлекеттік әнұранды орындады, құрметті қарауыл ротасы қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысының, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.

Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлермен әңгімелесті. Президент оларды Жеңіс күнімен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақыт, ашық аспан тіледі.

Президент Ақорда сайтынд жариялаған құттықтауында 9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше екенін айтады.

“Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Бұл – фашизмді жеңген ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн. Сұрапыл соғыста халқымыз күш-жігерін сарп етіп, орасан зор шығынға ұшырады. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз. Өкінішке қарай, қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл өткен сайын сирей түсуде. Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын небәрі 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. Еліміздің барша азаматтары өздеріңізге бас иеді”, – дейді ол.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та elbasy.kz сайтында қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

“Біз бүгін соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Олардың майдандағы өжеттігі мен тылдағы еңбегі туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің және қайсарлықтың жарқын үлгісі екені сөзсіз. Жиырмасыншы ғасырдағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Отан үшін от кешкендердің ерлігін ұмытпау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз.  Батыр бабаларымыздың қаһармандығы қазіргі тыныш заманда да біздің бойымызға жігер береді. Ол ауызбірлік, патриоттық, қайсарлық және Отанға деген махаббат арқылы кез келген қиындықты жеңіп, бейбіт әрі бақуатты өмірге қол жеткізуге болады деген сенімімізді нығайта түседі”, – делінген Назарбаев құттықтауында.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз