23 қыркүйекте Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі қазақ-орыс шекарасындағы ахуалға түсініктеме берді. Ресейде мобилизация жарияланғалы бері әскерге барудан қашқандардың көрші елдерге ағыны, оның ішінде Қазақстанға да өткісі келетіндер көбейген.
“30 көлік пункті қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Жолаушылар мен көліктер ағының артуына байланысты төртеуінде кептеліс байқалады. Жағдай ерекше бақылауда. Шекара қызметі өкілетті мемлекеттік органдармен бірге шекара өткелдерінде қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуын қадағалап жатыр. Ресей шекарашылар ведомствосымен де қарым-қатынас орнатылды” деп жазылған шекара қызметінің хабарламасында.
Шекара қызметі 21 қыркүйектен бері қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені жайлы мәлімет жарияламаған.
Ведомство “халықаралық келісімдер мен Қазақстанның ішкі заңнамасына сүйене отырып әрекет етеді” деп атап өткен.
Сәрсенбіде Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялап, әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылатынын айтқан. Осыдан соң Ресей азаматтарының елден жаппай кете бастағаны туралы ақпарат тараған. Әзірге қанша Ресей азаматының Қазақстанға өткені туралы мәлімет жоқ.
21 қыркүйекте Ресейдің 38 қаласында мобилизацияға қарсы наразылық өтіп, мың жарымға жуық адам ұсталған.