28 қазанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі еңбек мигранттары бойынша жаңарған мәлімет жариялады.
2022 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша, жергілікті атқару органдарының рұқсатымен Қазақстан аумағында 15 434 шетел азаматы еңбек етіп жатыр.
Еңбек мигранттарының көбі төмендегі елдерден келген:
- Қытай – 3 539 адам;
- Үндістан – 1 801 адам;
- Түркия – 1 707 адам;
- Өзбекстан – 1 487 адам;
- Ұлыбритания – 1125 адам.
Еңбек министрлігінің 28 қазан күнгі мәліметі бойынша, қазір Қазақстанда шетелден келген жұмыс күшін пайдаланатын 1751 жұмыс беруші бар. Онда Қазақстанның 400 мыңға жуық азаматы жұмыс істейді. Бұл ондағы жұмысшылар санының 96 пайызы.
Шетелден келген жұмыс күштері негізінен төмендегі салаларда істейді:
- Құрылыс – 6 137 адам (40 пайыз);
- Тау-кен өнеркәсібі – 1 515 адам (10 пайыз);
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 211 адам (8 пайыз);
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 143 адам (8 пайыз);
- Өңдеу өнеркәсібі – 1 071 адам (7 пайыз).
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын Қазақстанға шетелден мамандарды тартуға квота бөледі. Мұны ведомство “ішкі еңбек нарығын қорғау амалы” деп атайды. Биыл қаңтарда Қазақстан шетелден жұмыс күшін тарту квотасын жоспарланған көрсеткіш 28 352-ден 21 097-ге дейін (25 пайызға қысқартқан) азайтқан еді.
Көрші Ресейдегі мобилизациядан кейін елге ресейліктер ағылған тұста Қазақстан қоғамында еңбек мигранттары мәселесіне қызығушылық артты. Алайда еңбек министрлігінің хабарламасында Ресейден келген еңбек мигранттары туралы мәлімет жоқ.