Жоба негізінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйіне емес, бірден патронаттық отбасына беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл балалардың асырап алушы ата-аналарын тез тауып, үйде бейімделуі үшін қажет.
“Қазір Оқу-ағарту министрлігі кәсіби патронаттық отбасыларды заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмысымен айналысып жатыр”, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Кәсіби патронаттық тәрбиешілерге қойылатын талаптарды, психологиялық дайындық бағдарламасын, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесін және т.б. әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балаларды кәсіби патронаттық отбасына 3 айға дейін қысқа мерзімге және 3 айдан кәмелетке толғанға дейін ұзақ мерзімге беруге болады деп жоспарланып отыр. Балаларды тәрбиелеуге беру келісім негізінде жүзеге асырылады. Асырап алушы ата-аналар балаларының санына және олардың отбасында болу мерзіміне байланысты өз еңбегі үшін ақы алады.