Қазақстанда алғаш рет байланыс операторлары арасында жиіліктерді бөлу бойынша электронды сауда-саттық басталды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ortcom.kz сайтына сілтеме жасап.
Аукцион ұялы байланыстың бесінші буынын (5G) енгізу және жиілік диапазондарын бөлуді көздейді, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.
Бәсекелестікті қалыптастыру бағытында аукционға радиожиіліктерді бөлу тәртібімен бекітілген талаптарға сәйкес келетін компаниялар қатыса алады. Бұл аукцион 5G технологиялары үшін радиожиіліктерді таратудың ашық механизмін көрсетеді.
“Әрине, 5G технологиясын дамыту үшін бірнеше жылдар қажет. Алайда, осы уақыт ішінде трафиктер едәуір үлкен көлемде дамып, жаңа қызметтер пайда болады. Бүгін біз азаматтарымызға сапалы заманауи сервистерді ұсыну үшін, жаңа ұялы байланыс жүйесін енгізуді көздеп отырмыз”,- деп атап өтті ҚР Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек.
Аукцион шарттары бойынша қатысушыда – кемінде алты облысты, республикалық маңызы бар қалаларды қамтитын телекоммуникациялар мен ұялы байланыстың магистральдық желілері және мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс. Сондай-ақ, негізгі шарттарға сәйкес қатысушы компания таралу кезеңінде немесе банкротқа ұшырау сатысында болмауы керек. Оған қоса, кепілдік жарнаны төлегені туралы құжаттарды ұсынуы қажет.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, C-band диапазонында 5G іске қосылуы 2030 жылы әлемдік ЖІӨ-нің 610 миллиард доллардан астам өсуіне әкеледі.
2030 жылы Қазақстанда 5G іске қосылған жағдайда ЖІӨ үлесі 12% (ТМД) құрайды деп күтілуде.
5G артықшылығы:
● денсаулық сақтау мен білімге барлығына қол жетімділік
● қоғамдық қауіпсіздікті арттыру
● жауап беру жылдамдығын арттыру
● қауіпсіз жүргізу шарттары
● экологиялық жағдайды жақсарту.