23 қаңтарда елде шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны басталды. Сағат 18:00-дегі ақпаратқа сәйкес алдын ала мәлімет бойынша 2000-нан астам өтінім мақұлданып, оның ішінде 100 адам тиісті құжаттарын алды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
Естеріңізге сала кетейік, заңдастыруға өтінімді е-gov.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.
Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек, қылмыстық есепте болмауы тиіс, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Бүгін шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды
Егер автокөлік заңдастыруға жататын болса, онда алғашқы тіркеу үшін мемлекеттік алымды, мемлекеттік нөмірге төлем мен техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ төлеу қажет.
Заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.