Автонесиелеу бағдарламасы онлайн платформаға көшіп жатыр

0
167
Photo: Kolesa.kz

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау бұл жолы онлайн жүргізіледі, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Платформа 6 ақпанда іске қосылады.

“Биылғы 6 ақпанда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ көлік алуға жеңілдікпен пайызы төмен несие беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық платформаны іске қосады”, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарушы директоры Ғалымжан Әди елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Осы орайда өтінім беру үшін компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізіп, қосылуға болады. Платформада тек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуге мүмкіндік бар.

“Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші міндетті түрде телефон нөмірін енгізіп, автокөлік өндіруші компанияны таңдап, өтінімге қол қояды. Өтінімнің тіркелуі барысы сайттағы «жеке кабинет» арқылы тексеріледі”, – делінген аталған қордың мәліметінде.

Қазіргі кезде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жинақталған қаражат сомасы 7,6 млрд теңгеге жетті. Осы орайда пилоттық платформа келесі аптада іске қосылған кезде 761 адам тіркеле алады. Яғни 761 адам толық тіркелсе, платформада өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтайды.

“Кейін аталған платформада өтінім қабылдау ай сайын жүргізіледі және 100-ден астам адамды тіркеуге мүмкіндік береді”, – деп аталып өткен таратылған хабарламада.

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша бұрынғы шарттар өзгеріссіз қалды:

– бір автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспайды;

– қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден артық емес;

– қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;

– бастапқы жарна – 0 пайыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз