16-17 ақпанда Алғыс айту күніне арналған ұлттық пікірсайыс турнирі өтеді. Сайыста 120 спикер бақ сынайды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Бұған дейін Ұлттық пікірсайыс турнирінің аудандық, қалалық, облыстық кезеңдері өткен. Оған қазақ, орыс және ағылшын лигаларынан 43 мың пікірсайысшысы қатысқан. Финалға Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 120 спикер жолдама алған. Олар білім беру ұйымдарының 9-11 (12) сынып оқушылары.
“Бағдарлама бойынша «Бірлік» танысу кеші, ынтымақтастыруға арналған тренинг, «Quiz, Please» ойын-сауық шарасы, турнир қатысушыларының әсері туралы блиц-сұхбат, экскурсия ұйымдастырылады. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, сыйлықтармен, үздік спикерлер – дипломдармен, команда жаттықтырушылары – алғыс хаттармен марапатталады”, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.
Ұлттық пікірсайыс турнирінің қорытынды кезеңі Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында болады. Сайыстың барлық кезеңі американдық парламенттік формат (AПФ) бойынша өткізіледі.