Әскери қызметшілер атақты «Күрең берет» үшін сынға түсті

0
243

«Күрең беретті» алудың машақатын әскерге барған немесе осы сала маңайындағы жігіттер біледі. Сайдың тасындай іріктелген білекті де жүректі сарбаздардың арасынан кім мықтыны анықтау оңай емес. Сынақтарының өзі қандай? Ал оны еңсергендер нағыз ердің өзі. Сол үшін де осынау беретті алуға ниетті қатысушылардың да қатары аз емес. Мәселен, биыл 80-нен астам әскери қызметші сынға түсіпті. 

«Күрең берет» үшін сайыс биыл 9-12 шілде аралығында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен қаласындағы Оқу орталығы базасында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасында өтті. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі, хабарлады. 

Үміткерлер емтиханға рұқсат алу үшін теориялық тестілеуден өтіп, дене шынықтыру, биіктіктегі дайындық, арнайы құрылғылармен төмен түсу, байланыс дайындығы, медициналық дайындық секілді бірнеше емтихан тапсырды.

Бұдан бөлек, күрең беретке үміткерлердің қорытынды сынақтарының бірінде ауа температурасы 40 градустан жоғары болды. Соған қарамастан олар таулы аймақта 30 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

– Қатты ыстыққа қарамастан үміткерлер «зигзаг» және «пластун» тәрізді қозғалу нормативтерін тапсырды. Окоп қазу бойынша сынға түсті. «Жараланған» жолдасын 100 метрге сүйреп апарды. Содан кейін газға қарсы маска киген қалпында ауасы ластанған 400 метрді жерді еңсерді. Содан кейін бастапқы жүгіру мәнерін қайта жалғастырды. Мұның бәрі белгіленген уақытта және белгіленген нормативтерге сай жүргізілді, – деді  «Зверь» атты  «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгері. 

Сынақ кезінде әр үміткер физикалық және психологиялық күйзелістерге тап болды. Олар кезіккен қиындықтарды жеңіп, мәреге жету үшін командалық төзім, ерік-жігер мен ұйымшылдықты көрсетті. Сынақтың соңғы кезеңінде үміткерлер 3 метрлік бетон қабырғаларын еңсеріп, созылған тікенек сымның астында пластун тәрізді қозғалыспен 200 метрлік кедергілер жолағынан жылжып өтті.  

Айта кету керек, үміткерлердің күйзеліске төзімділігін нығайту үшін кедергілер жолағының жанында жарылыстар ұйымдастырылып, оқ атылып тұрды. Мұндай әдіс жауынгерлік атмосфера тудырады және үміткерлердің күйзеліс жағдайларындағы реакциясын тексереді. Кедергілерден кейін бірден үміткерлер жекпе-жек ұрысқа кірісті. Алдымен олар бір-бірімен, содан кейін күрең берет иелерімен шайқасты. Ауыр соққыларға төтеп берген және 3 минуттық 3 раундқа шыдап берген үміткер ғана күрең берет ала алады. 

Ал сынақтардан сәтті өткен және соңғы кезеңнің қиындықтарына төтеп берген 19 үміткерге қастерлі күрең берет табысталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз