Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) мәліметтері бойынша, білімі төмен немесе мүлде білімі жоқ адамдар үшін сауда құрбаны болу ықтималдығы орта мектепте оқитындарға қарағанда 20 есе жоғары, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі БҰҰ жаңалық қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда адам саудасы және құлдықта ұстау жыл сайын артуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде адам саудасына байланысты 110 қылмыс анықталған. Оның ішінде адамды пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша – 5, адам саудасы бойынша – 25, оның ішінде кәмелетке толмағандар – 16.
30 жастағы Артур есімді азамат, танымал сайттардың бірінен жұмыс тауып, тұрғылықты мекен-жайынан 200 км-ден астам жерде орналасқан мал қожалығының бірінде екі жылға жуық құлдықта болған.
«Мен жалпы электрикпін. Облыс(Қарағанды) қожалықтарының біріне хабарландыру бойынша жұмыс іздеп бардым. Олармен жолығып, жұмыс туралы келісімге келдік. Алайда қожалыққа келгеннен кейін, ең ауыр және лас жұмыстардың барлығын маған жасатып қойды. Қарсылығым үшін таяқ жейтін құл болдым десем де болады», – дейді Артур.
Артурдың айтуы бойынша ол «жұмыс берушілерінен» қашып кетуге талпынған. Алайда оны ұстап алып, соққыға жығып одан кейін тағы да жұмысқа салып қойған. Оның құлдықтан қашып кетуіне қожалықтың орналасқан жері кедергі болған. Айдала, жасырынатын ешнәрсе болмаған. Артур, бұл құлдықтан айдалада жолыққан адамға өзінің жағдайын айтуы арқылы құтылған. Себебі, араға біраз уақыт салып полиция қожалыққа келген.
40 жастағы Евгенийдің басынан осындай жағымсыз жағдай өткен. Ол, анасы қайтыс болғаннан кейін далада қалып «баспанасыз адам» атанған. Оны көшеден қаскүнемдер ұстап алып, мал шаруашылығында жұмысқа жегіп қойған.
Шамамен алты жыл бойы Евгений еңбек құлдығында ең қара жұмыста, адам төзгісіз жағдайда ұсталған. Оның саусақтары үсіп кетіп, сол фермада ампутация жасалған. Евгений құлдықтан алыс қыстауларға жасайтын полиция рейді кезінде құтылған.
Қазір Артур да, Евгений де басқа тағдырластарымен бірге арнайы мекенде және құлдықта ұстаған «басшыларына» қатысты тергеу әрекеттерінің аяқталуын күтуде.