ҚР Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың наурыз айларына арналған ауа райы болжамын жасады, деп хабарлайды kazaknews.kz.
Қараша айында жылы және аязды күндер жиі өзгеріп тұрады. Сондай-ақ жауын-шашын, қар және екпінді жел күтілуде. Тіпті, ел аумағында көктайғақ құбылыстары мен тұман болуы да ықтимал.
2023-2024 жылдың қысы 2001-2002 жылдың қысы сценарийі бойынша күтіледі, яғни жылы және жауын-шашын мөлшері нормаға жақын және одан да көп болады. Суық кезең ішінде республика аумағына Атлантика аудандарынан жылы және ылғалды ауа массаларының жиі енуі күтілуде.
Алдағы қыста Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон негізінен климаттық нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде. Желтоқсан айында ғана Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында, ал ҚР солтүстігі мен шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжам жасалып отыр.
Қаңтар және ақпан айларында ҚР басым бөлігінде жауын – шашын норма шамасында және нормадан көп болжанады, желтоқсанда елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, республиканың солтүстік жартысында нормадан аз болады деп күтілуде.
Наурыз айында Қазақстан аумағындағы ауаның орташа температурасы нормадан 2° жоғары болады деп болжануда. Жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде нормадан көп жауады деп болжанады.
Айта кетейік, маусымдық ауа райы болжамы жылына алты рет шығарылады: 1-болжам жылы жартыжылдыққа, 1-болжам суық жартыжылдыққа. Олар Қазақстан Республикасының 17 облысы бойынша қыс, көктем, жаз және күз мезгілдеріне арналған 4 тоқсандық болжаммен нақтыланады.