Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан Сабынды ауылындағы ет комбинаты киік етін тұрғындарға сататын жеті орынның бірі. Бұл туралы Kazaknews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, киік етін сататын жеті ет комбинаты бекітілгенін хабарлаған.
Қалыпты күндері сиыр етін өңдеп сататын комбинат, киік ату басталған кезден бері басқа жұмыстың бәрін тыйып, осы аң өнімін сатуға көшіпті.
«Бізге киіктердің ішек-қарнын ақтарып, бас-сирағын кесіп әкеледі. Ветеринар маман ішкі құрылысын қарап, сатуға жарамдыларын бөлек іріктейді. Сатуға жарамсыздары болса, утильге жібереміз. Ветеринар іріктегендері бізге келген соң терісін сыпырып, етін таза сумен шаямыз. Осыдан кейін бір күн тоңазытамыз. Тоңазыған етті санитариялық талап бойынша арнайы целлофанмен ораймыз. Ет сақтайтын мұздатқыштың ішінде, -20 градус температура деңгейінде сақталу керек», – дейді қойма меңгерушісі Алмагүл Смағұлова айтып берді.
Мұнда етті тұтас күйінде ғана сатады, яғни келілеп алу мүмкін емес.
«Бір тұтас еттің неше келі тартатыны киіктің жасына, жынысына байланысты. Текелері 30-35 келіге дейін барады. Қалғаны көбіне 10-15 келіден тартады. Еттің бір келісі – 1600 теңге. Келушілер көп деуге болады. Бір күнде 50 адам келген кездер болды. Киік атушылар жауынды күні шықпайды. Сондықтан бүгін терісін сыпыратын сәтке куә бола алмайсыздар. Күн райы ашық кезде күніне 100-150 киік әкелінеді. Біздің міндет – соны тазалап, тоңазытып үлгеріп тұру», – дейді Алмагүл Смағұлова.
Киік етін алушылардың қолына комбинат мамандары екі құжат береді. Оның бірі – жүкқұжат анықтамасы болса, екіншісі – ветеринардың анықтамасы.
«Бұрын киік етін жеп көрмегенмін. Таныстар «Алдық, жақсы екен» деген соң, соны естіп келіп тұрмын. Астанадан келдім. Киік те қоңыр аңның бірі ғой. Етінің дәмі қалай болады екен деген қызығушылық та жоқ емес. Бір тұтас ет ғана алатын шығармын», – дейді сатып алушы Нұрлан Тәпен.
Айта кетейік, орман шаруашылығы 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрықпен Республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартқан еді. Ал, осыдан бір ай бұрын экология министрі елде 2 млн 600 мың шамасында киік бар екенін айтып, ол 20 пайызға азайтылатынын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90% – дан астамы мекендейді.