Қазақстанда су тапшылығын азайту үшін жаңа 20 су қоймасы салынады

0
56
Шардара су қоймасы. Photo: Yassy-tur.kz

Ел үкіметі 2024-2026 жылдар арасында жаңадан 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде 11 желтоқсанда үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің сөзіне қарағанда, бұл жоспар 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген.

Көлемі 2,4 текше шақырым су қоймасы тоғыз облыста болады. Сонымен бірге тоғыз облыста жатқан жалпы көлемі 1,9 текше шақырым болатын бұрынғы су қоймалары да жөнделеді.

“Кешенді жоспарды жүзеге асырған кезде су ресурстарын 3,7 текше шақырымға, ал суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, егіндік суының жыл сайынғы шығынын 3 текше шақырымға азайтып, 55 мыңнан тұрғыны бар 41 елдімекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл суармалы жер көлемін 250 мың гектарға ұлғайтуға, 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға және Қазақстанның көршілес елдердің су ресурстарына тәуелділігін орта есеппен 25%-ға төмендетуге ықпал етеді” дейді су ресурстары министрлігі ақпаратында.

Кейінгі жылдары Қазақстанда су тапшылығы күшейіп бара жатқаны байқалады. Қазақстан Еуразия құрлығында су тапшылығын едәуір сезініп отырған елдер қатарына жатады. Елдегі судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. 44,9 текше шақырым су Қазақстанға Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан аумағынан келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз