Алдағы жылдың қаңтар айында барша қазақстандық баланың арнайы есепшотына мемлекеттен қаржы түсе бастайды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ретте Ұлттық қор Қазақстан азаматы саналатын әрбір жас ұрпақ өкіліне шамамен 300 доллардан табыс тапқаны анықталды. Тұтас бір жылғы төленетін барлық сома – осы ғана.
2006 жылы және одан кейін туылған балалардың ата-аналары, қорғаншылық, қамқоршылық тағайындалған балалардың заңды өкілдері, Ұлттық қордан ақша алуы үшін биыл не істеп үлгеруі керек?
- баланың жеке басын куәландыратын құжатын және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға тиіс. Бұл балалардың азаматтығын айқындау үшін керек екен: шет елдердің азаматтығына кіріп үлгергендерге берілмейді.
- БЖЗҚ, Электронды Үкімет порталдарында баланың деректеме-реквизиттерінің бар-жоғын және дұрыстығын тексеру: кәмелетке толмаған баланың толық аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы дұрыс жазылып тұрғаны жөн.
- “Электрондық үкімет” веб-порталындағы Жеке кабинетінің “Балалар туралы мәліметтер” бөлімінде өзінің балалары туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеруге тиіс. Әйтпесе, кейбір ата-аналардың атына бөтен баланың жазылып кеткені әшкереленуде.
- БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында баланың ЖСН-і бойынша оның “нысаналы талаптарға қатысушылар санатына” (Ұлттық қордан қаржы алушыларға) енгізілгенін, қатысушының нысаналы талаптарының (төлемінің) жалпы сомасы, сондай-ақ, нысаналы жинақтарды алушылар туралы мәліметтерді тексеруге болады.
Барлық баланың нысаналы жинақтау шоттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) болады. Барлық төлем долларда жинақталады және аман болса, бала 18-ге толғанда ғана беріледі.
Ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетіне кіріп, “Балалар туралы мәліметтер” бөлімінде әрбір жыл үшін есептелген нысаналы талаптар (төлемдер) мен оған әр жылы есептелген инвестициялық кірістің сомалары туралы деректерді біле алады.
Балалар 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражатты екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеу үшін пайдалануға болады. Оны уәкілетті операторлар, яғни “Қазпошта” АҚ және екінші деңгейдегі банктер арқылы іске асыруға болады.