Кәсіпкерлер арасында «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы анықталды

0
60

Бүгін елордада кәсіпкерлерге Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне бизнес өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналды. 

«Баршаңызды «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының өз мәресіне жетуімен құттықтаймын! Біз жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Үздік индустриялық жоба» арнайы сыйлығын Қостанай облысының сүт және ашытылған сүт өнімдерін өндіретін «ДЕП» ЖШС алды. Ал «Үздік инновациялық жоба сыйлығын Маңғыстау облысының «CleanFieldKazakhstan» алды. Жеңімпаз ЖШС бұрғылау, мұнай қоқыры, ластанған топырақ және басқа да мұнаймен ластанған жерлерді мұнайдан тазалайды.

Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын өтеді. Байқауда «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын», «Азық-түлік және/немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» атты 4 номинациядан бөлек «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары қарастырылған.

Сыйлықтың 14 лауреаты дипломдар, байқау эмблемасымен және жеңімпаздарды келесі кезең – ТМД-ның Өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы байқауына қатысуын ынталандыру үшін 450 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталады.

Еске салсақ, байқаудың басты мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру. Ұйымның өнім немесе қызмет сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізуі, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізуі басты критерий саналады. Биыл байқауға қатысуға 221 компания өтінім берген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз