“Жұмыс оңай, жалақысы жоғары болса”: жастардың жұмыс іздеу барысында қоятын талабы қандай

0
52
фото: tolqyn.kz

Елде жұмыс істейтін халық саны 9 миллионнан асады. Оның ішінде 76 пайызы жалдамалы қызметте болса, қалғандары өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, деп хабарлайды kazaknews.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

2022 жылмен салыстырғанда жұмысқа орналасқандардың қатары көбейген. Сауда, білім, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында мамандарға сұраныс көп. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз, NEET санатындағы жастар үлесі 7,1 пайыз.

Қазіргі таңда халықты бірнеше бағыт бойынша жұмыспен қамту мүмкіндігі бар.

Жұмыстың негізгі бағыттары:
сауда – 16,6%;
білім – 12,8%;
ауыл шаруашылығы – 12,2%;
өнеркәсіп – 7,1%;
Жұмыссыздық деңгейі – 4,7% – 451500 адам;
NEET санатындағы жастар үлесі – 7,1%.
Артем Сабралиев – былтыр ғана университет аяқтаған жас маман. Оқу бітіргеннен кейін Мансап орталығына келіп, мамандығы бойынша жұмыс тапқан. Оның айтуынша, жас маманға аз уақытта тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасу үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы таптырмас шешім.

– Қазір тәжірибесіз жұмыс табу қиын. Яғни осы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында мен тәжірибе жинақтаймын. Еңбек сайтын білмей жүрсем, жұмысқа тұруым қиын әрі көп уақытты алар еді деп ойлаймын. Осы жылдың тамыз айында тәжірибем аяқталады. Содан кейін жинаған тәжірибем арқылы тұрақты жұмыс орнын тапқым келеді, – дейді менеджер-кеңесші Артем Сабралиев.
Еңбек мобильділігі орталығының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жұмыс іздеушілерден екі мыңға жуық өтінім түскен. Оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға сұраныс көп.

– Жыл басынан біз 84 адамды тұрақты жұмысқа орналастырдық және 300-ге жуық адамды уақытша жұмысқа орналастырдық. Ол субсидияланатын жұмыс орындары, жастар практикасы, күміс жас, әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыстар. Жалақысы мемлекет тарапынан төленетін осы жұмыстарға 300 адамды орналастырдық, – деп мәлімдеді «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Олжас Омар.

Мансап орталығының мамандарының айтуынша, жұмыс іздеушілерге қарағанда жұмыс берушілер көп. Алайда көбі жұмыстың жалақысына, болмаса жұмыс уақытына қарап келіспей жатады.

– 2024 жылдан бастап 26 жасты жастар практикасы бойынша және алғашқы жұмыс орны бойынша жұмысқа орналастырдық. Жастардың көбі жұмыстың оңай болғанын, ал жалақысы өте жоғары болғанын қалайды. Көбінесе үй жағына жақын онлайн жұмыстарды сұрап жатады, – дейді Мансап орталығының басшысы Бағила Орынбетова.

Еңбек.кз сайтына жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын күн сайын жариялайды. Алайда айлап маман таппайды. Демек, іздеген адам жұмыс табары анық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз