Қазіргі қоғамда жастардың өмір салты мен күнделікті жүктемесі айтарлықтай өзгерді. Оқу көлемінің артуы, ақпарат ағынының шамадан тыс көптігі және әлеуметтік ортадағы жоғары талаптар жастардың психологиялық көңіл күйіне тікелей әсер ететін негізгі факторларға айналды. Бұл мәселелер бүгінгі таңда өзекті болып, жиі талқыланып жүр.
Жастар арасындағы күйзелістің басты себептерінің бірі – оқу мен болашаққа қатысты жауапкершіліктің артуы. Мектептер мен жоғары оқу орындарында білімге қойылатын талаптар күннен-күнге күшейіп келеді. Ал мамандық таңдау, жұмысқа орналасу сияқты маңызды шешімдер көптеген жастар үшін үлкен алаңдаушылық тудырады. Сонымен қатар, қоғамдағы бәсекенің күшеюі де жастарға қосымша қысым түсіреді. Кей жағдайда оқу орындарындағы шамадан тыс қатаң талаптар кері әсер беріп, жастардың күйзеліске ұшырауына себеп болуда.
Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік желілердің ықпалы. Ондағы «мінсіз өмірдің» көріністері жастарды өзгенің өмірімен салыстыруға итермелейді. Бұл шынайы мүмкіндіктер мен күтілетін нәтижелер арасындағы алшақтықты айқындап, өз-өзіне деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Тіпті жасанды, шындыққа жанаспайтын бейнелердің өзі көптеген жастарды терең күйзеліске түсіруде.
Аталған мәселелердің шешу жолдары да бар. Ең алдымен, жастарға бағытталған қолдау жүйесін күшейту қажет. Білім беру мекемелерінде психологиялық және түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, жастарға арналған жобалар мен бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру маңызды. Сонымен қатар, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, қоғамдық іс-шараларға қатысу жастардың белсенділігін арттырады. Ал түрлі тренингтер мен мақсат қоюға көмектесетін ұйымдар жастардың өз қабілетін танып, болашағын айқындауына мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, жастар арасындағы күйзеліс – қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты күрделі мәселе. Оны азайту үшін жүйелі қолдау, дұрыс бағыт-бағдар және түсіністік қажет. Егер осы шаралар жүзеге асса, жастардың күйзеліске түсу деңгейі төмендеп, олардың жаңа мүмкіндіктерге сеніммен қадам басуына жол ашылады.
Әминай Тұрар, 11-сынып оқушысы






















































