Қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Буллинг құбылысы қоғамның әртүрлі саласында кездеседі: мектепте, отбасында және әлеуметтік ортада. Статистикалық деректерге сүйенсек, буллинг көбіне отбасы мен мектеп ортасында жиі байқалады. Ұзақ уақыт қорлық көрген бала мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдап, болашақта осы мінез-құлықты қайталауы мүмкін. Бұл баланың психологиялық дамуына теріс әсер етеді.
Буллингтің түрлері көп. Олардың қатарына ақша талап ету, физикалық зорлық-зомбылық, моральдық қорлау және басқа да түрлер жатады. Кейбір мектептерде жоғары сынып оқушылары кіші сынып оқушыларынан ақша талап ету жағдайлары кездеседі. Мұндай тәжірибе жасөспірімнің санасында жағымсыз түсінік қалыптастырады.
Зерттеулерге сәйкес, мектеп ортасында ең жиі кездесетін буллинг түрі – моральдық қорлау. Бұл тек жек көру емес, адамның тұлғалық қадір-қасиетін аяқасты ету болып табылады. Баланы ортада елемеу, чаттарда кемсіту, сабақ барысында оған теріс көзқарас таныту – буллингтің көріністері. Бұған бейжай қарауға болмайды, себебі жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептерінің бірі де осы мәселе болуы мүмкін. Буллингке ұшыраған баланың психологиялық жағдайы әлсіреп, өмірге деген қызығушылығы төмендеуі ықтимал.
Осындай қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету өте маңызды. Олармен ашық сөйлесіп, мәселенің себебін анықтауға тырысу қажет. Қажет болған жағдайда кәсіби психолог немесе психотерапевт мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Баланың өмірі ойыншық емес, сондықтан оның тәрбиесіне ерекше мән беру керек. «Не ексек, соны орамыз» деген сөз бекер айтылмаған.
Қорытындылай келе, буллингке ұшыраған адам дұрыс қолдау тапса, қайтадан қалыпты өмірге оралып, жағдайын жақсарта алады. Ең бастысы – қорықпай, өз мәселеңізбен бөлісу. Себебі әр адамның өмірі – ең қымбат құндылық.
Асель Дуйсенбаева, 10-сынып оқушысы





















































