Қазақстанның қорықтары – табиғаттың баға жетпес байлығы

0
3
фото: google

Қазақстан табиғи байлыққа өте бай мемлекет. Кең байтақ даласы, асқар таулары, өзен-көлдері мен орман-тоғайлары еліміздің ерекше көркін айқындайды. Осы табиғи мұраны сақтап қалу мақсатында елімізде көптеген мемлекеттік қорықтар жұмыс істейді.

Қорықтардың негізгі мақсаты – сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және экологиялық зерттеулерді жүргізу. Мұнда табиғат өз заңдылығымен өмір сүреді, ал адам қызметі қатаң шектеледі.

Қазақстандағы Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Наурызым, Марқакөл, Барсакелмес секілді қорықтар әлемге танымал. Бұл аумақтарда қар барысы, арқар, қоқиқаз, аққу сияқты сирек кездесетін жануарлар мен құстар мекендейді. Кейбір қорықтар ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұралар тізіміне енгізілген.

Қазіргі таңда экологиялық мәселелердің көбеюіне байланысты табиғатты қорғаудың маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Орман өрттері, заңсыз аңшылық және қоршаған ортаның ластануы табиғатқа өте үлкен қауіп төндіреді.

Табиғатты қорғау – тек экологтардың міндеті емес. Әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлық танытып, табиғатты таза ұстауға өз үлесін қосуы тиіс. Себебі бүгінгі табиғат – ертеңгі ұрпақтың аманаты.

Исламбек Нұрұмғали, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз